Қазақстан – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрі-дәрмектің жағымсыз әсерін бақылау бағдарламасының қатысушысы. Сондай-ақ, елде анықталған жағымсыз әсерлер туралы жедел деректер ДДСҰ-ның мониторинг орталығына жіберіледі.
Дәрі-дәрмекті (оның ішіне екпе де кіреді) қолданғаннан кейін пайда болған жағымсыз әсер туралы хабарлаудың бірнеше әдісі бар.
1. ДЗСҰО сайтында жағымсыз әсер туралы хабарлама-картаны толтыру.
2. Дәрі-дәрмек өндірушісіне хабарласу, оның байланыс нөмірлерін әдетте медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтан табуға болады.
3. DariKZ мобильді қосымшасының "сары карталар" қызметін пайдаланып хабарлама жіберу. Мобильді қосымша iOS және Android платформаларында қолжетімді. Бұл дәрігерлер мен фармацевтер үшін де, ем қабылдаушылар үшін де қолжетімді әрі ең жылдам әдіс болып саналады.
Медицина қызметкері ретінде сіз дәрілік заттардың қауіпсіздігін және пациенттеріңіздің денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарасыз:
✔ Пациенттермен дәрілік заттардың мүмкін болатын жағымсыз әсерлерін талқылаңыз;
✔ Оларды қалай алдын алуға немесе бақылауға болатынын түсіндіріңіз;
✔ Жағымсыз әсерлер байқалған жағдайда, қайда және қалай хабарлау керектігін көрсетіңіз.
Дәрілік заттардың қауіпсіздігін арттыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Дәрілік заттардың қауіпсіздігі өзіңізден басталады.
Сіз пациент болсаңыз да, медицина қызметкері немесе денсаулық сақтау саласының өкілі болсаңыз да – әрқайсыңыз дәрілік заттардың қауіпсіздігін арттыруға өз үлесіңізді қоса аласыз.
Белсенді болыңыз – дәрілік заттарды қолданғаннан кейін байқалған күдікті жағымсыз әсерлер туралы өз дәрігеріңізге немесе Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына хабарлаңыз.