2026 жылғы 8-9 қазанда Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жетекші мамандары Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барып, жергілікті дәрігерлерге арналған көшпелі шеберлік сыныбын өткізді.
Бағдарлама аясында балалар хирургиясы, урология, травматология және оториноларингология бағыттары бойынша консультативтік-әдістемелік көмек көрсетіліп, заманауи емдеу тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар, жергілікті дәрігерлерге практикалық оқыту жүргізіліп, балаларға хирургиялық оталар жасалды.
Іс-шара ауруханаға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 21 наурыздағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес жүктелген өңірлік балалар ауруханаларына әдістемелік көмек көрсету жөніндегі үйлестіру орталығының міндеттері аясында ұйымдастырылды.
Бұл – аурухананың өңірлік балалар медицинасына әдістемелік қолдау көрсету бағытындағы алғашқы көшпелі шеберлік сыныбы. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды еліміздің басқа өңірлерінде де өткізу жоспарланып отыр.