Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологиялық пункті күн сайын түрлі жарақаттар алған шамамен 400 балаға медициналық көмек көрсетеді. 2025 жылы травматологиялық пунктке 112 775 рет жүгіну тіркелді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20,7%-ға жоғары. Медициналық көмекке жүгіну санының артуы инфрақұрылымды дамытып, шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді қажет етеді.
Қосымша ғимаратта реанимациялық зал, операциялық блок, компьютерлік томография және рентгенологиялық диагностика кабинеттері қарастырылған. Заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру балалардың жарақаттарын уақтылы анықтауға және мамандандырылған медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған стационарлық медициналық көмек көрсетеді. Шұғыл медициналық көмек травматологтар, хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және диагностикалық қызмет дәрігерлері кіретін мультидисциплинарлық команда арқылы көрсетіледі.