Астана қаласы әкімдігінің №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының деректеріне сәйкес, балалардың терезеден құлау мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр және ата-аналардың, медицина қызметкерлерінің, білім беру ұйымдарының және қоғамның ерекше назарын талап етеді.
Статистикалық мәліметтерге тоқталсақ:
2023 жылы 31 жағдай тіркеліп, 1 өлім жағдайы орын алды;
2024 жылы терезеден құлау жағдайлары 63-ке дейін өсіп, 4 бала көз жұмды;
2025 жылы ең жоғары көрсеткіш тіркелді – 85 жағдай, оның ішінде 9 жағдай өліммен аяқталды;
2026 жылдың 16 шілдедегі жағдай бойынша 36 жағдай тіркелді, өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
Зардап шеккен балалардың басым бөлігін 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар құрайды. Мұндай жағдайларда бас-ми жарақаттары, сүйек сынулары, ішкі ағзалардың зақымдануы және ұзақ емдеуді қажет ететін көптеген қосарланған жарақаттар жиі кездеседі.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: балаларды қараусыз қалдыру; ашық терезелер мен балкондарға еркін қолжетімділік; терезе маңында жиһаздың орналасуы; масаға қарсы торларды қауіпсіздік құралы ретінде қате пайдалану.
Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.