ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада балалар хирургиясының өзекті бағыттарына арналған «Эндовидеохирургия. Перспективалар» атты халықаралық шеберлік сағаты өтті.

Іс-шараға Жапонияның жетекші хирургтері – профессор Atsuyuki Yamataka және доцент Takahashi Junichiro қатысып, қазақстандық дәрігерлермен өз тәжірибелерін бөлісті. Оның барысында қатысушылар эндоскопиялық және реконструктивтік операциялардың жаңа әдістерімен танысып, күрделі клиникалық жағдайларды басқарудағы халықаралық тәжірибені меңгерді.

Профессор Atsuyuki Yamataka қазақстандық мамандардың дайындығына жоғары баға берді:

«Қазақстандық дәрігерлердің кәсіби деңгейі бізді өте қуантты. Тәжірибе алмасу екі тарап үшін де нәтижелі өтті. Балаларға көрсетілетін көмек сапасын арттыруда халықаралық ынтымақтастық ерекше маңызды», – деді ол.

Іс-шара Жапония мамандарының сапары аясында «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорының MUMKINDIK жобасы арқылы ұйымдастырылды. Қор 2013 жылдан бері ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, медициналық мамандарға арналған оқыту бағдарламаларын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Жоба аясында балалар кардиохирургиясы, эндовидеохирургия және ортопедия бойынша 300 ота жасалуы жоспарланып отыр.

Астана қаласы №2 көпбейінді балалар ауруханасының директоры Гүлнар Құлышева шеберлік сағатының нәтижелілігін атап өтті:

«Халықаралық тәжірибе алмасу балалар хирургиясының дамуына нақты серпін береді. Соңғы төрт жылда ауруханамызда 50-ден астам шеберлік сабақтары өтті. Біз үшін басты мақсат – балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын үнемі жақсарту», – деді ол.

Скачать шаблон для Joomla 3.4.
Скачать шаблон для Joomla 3.4.