Астана қаласының № 2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында Ақтау қаласынан Астанаға санавиациямен жеткізілген 17 жасар бозбалаға ота жасалды. 19 мамырда 16-17 шағын аудандағы бағдаршам қиылысындағы жол апатына ұшырады. Жас жігіт мопедпен жүріп келе жатқан. Жеңіл автокөлік қатысуымен болған көлік апаты салдарынан баланың екі аяқтың ортан жіліктері аса күрделі ашық жарықшақтанып сынған және оң білегі сынған. Басында оны Ақтау облыстық ауруханаға жатқызып, кейіннен санавиациямен Астанаға жеткізді.
«Екі ортан жілігі аса ауыр жарақатталды. Жасөспірімдерде мұндай жарақаттар сирек кездеседі. Бес күн бойы ол Ақтау ауруханасының реанимациясында жатты. Ақтау дәрігерлері бізге хабарласты, біз суреттерді қарап, баланың жағдайын талдап, біздің ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Баланың жағдайы ауыр және басқа көлікпен тасымалдау мүмкін болмағандықтан ұшақпен әкелді», - деді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің меңгерушісі Арслан Дүйсенбаев.
Пациент көп қан жоғалтып, екінші дәрежелі жарақаттық шок алды.
«Біз жарақаты аз ота жасай алдық. Сол аяққа пластинаны да, штифті де салдық, өзек ішіне гамма шеге орнаттық. Яғни, оң аяққа интрамедулярлы бұғаттаушы остеосинтез, ал сол аяққа экстрамедулярлы құрама остеосинтез жасадық. Ота кезінде сүйек жүйесін көруге мүмкіндік беретін электронды оптикалық түрлендіргіш – динамикалық рентген аппараты қолданылды. Бір ортан жілік бірнеше жерде сынған - төменгі жағында сүйек бірнеше бөлікке ұсақталған, ал жоғарғы үштен бір бөлігінде көлденең жарықшақты сынық болды. Оң ортан жілігі бір жерден сынған, бірақ жарықшақтанған сынық болды. Ота үстінде перидуральды анестезия қолданылды», - деп толықтырды ол.
Меңгерушінің айтуынша, сынықтар өте күрделі болды, балалар мен жасөспірімдерде мұндай сынықтар аса сирек кездеседі. Ал пациенттің жасын ескеретін болсақ, сүйек қаңқасы қалыптасқан және сынықтар түр ересектерге тән болды.
«Қазір бала қалпына келді, жағдайы жасалған оталарға сәйкес, ауырлық деңгейі орташа», - деп қорытындылады ол.
Пациентті келесі аптаның басында үйге шығару жоспарланған. Басында бала балдақпен жүреді.
Пациенттің әкесі ұлын құтқарғаны үшін барлық дәрігерлерге алғысын білдіріп, №2 КҚБА ұлының сауығуы үшін бар күш-жігерін салғанын атап өтті.