№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы үшін ерекше әрі тарихи күн болды!
Ауруханамызға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек және Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Сәкенқызы Тулеуова жоғары лауазымды тұлғалар келіп, балалар травматологиялық пунктінің жаңа қосымша ғимаратының дайындығымен танысты.
Бұл – аурухана ұжымы үшін үлкен мәртебе әрі елордадағы балаларға көрсетілетін медициналық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадам!
Бүгінде травматологиялық пунктте күн сайын шамамен 400 балаға медициналық көмек көрсетіледі. 2025 жылы мұнда 112 775 рет жүгіну тіркелді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 20,7%-ға жоғары. Осыған орай, жаңа ғимараттың іске қосылуы шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Жалпы ауданы 2 678,32 шаршы метрді құрайтын қосымша ғимаратта реанимациялық зал, операциялық блок, компьютерлік томография және рентгенологиялық диагностика кабинеттері қарастырылған. Заманауи медициналық жабдықтар мен мультидисциплинарлық команданың жұмысы балаларға уақтылы әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ауруханамызға көрсетілген жоғары деңгейдегі назар мен қолдау үшін шынайы алғысымызды білдіреміз! Бұл – ұжымымыздың еңбегіне берілген баға және балалардың денсаулығын қорғау жолындағы жұмысымызға артылған үлкен жауапкершілік.
Балалардың өмірі мен денсаулығы – басты құндылығымыз!